Регламент работы

«Алматы облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасы»
мемлекеттік мекемесінің
регламенті

1.Жалпы ережелер

1.1.«Алматы облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасы» ММ (бұдан әрі - басқарма) Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарының біртұтас жүйесіне кіреді. Басқарманы облыс Әкімі тағайындайтын бастық басқарады.

1.2. Басқарма құрамын, басқарма бастығының орынбасарын басқарма бастығының келісімімен облыс Әкімі, ал бөлім бастықтарын және басқарма мамандарын басқарма бастығы тағайындайды және жұмыстан босатады.

1.3. Басқарма қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің, Алматы облысы Әкімінің актілерімен, «Алматы облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ережесімен, өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, және осы Регламентпен реттеледі.

1.4. Басқармада келесідей жұмыс уақыты белгіленген:

- жұмыстың басталуы сағат 9.00 минут;

- жұмыстың аяқталуы – 18 сағат 30 минут;

- түскі үзіліс сағат 13.00-дан сағат 14.30 – ге дейін.

 

2. Жұмысты жоспарлау

2.1. Басқарма өз қызметін жылдық және орта мерзімді жоспарларға сәйкес жүзеге асырады.

2.2. Басқарманың жұмыс жоспарын сәйкес бөлім, әр бөлімнің атқаратын жұмыс жоспарын жинап, біріктіру арқылы, ағымдағы жыл басында 15 күнтізбелік күн ішінде құрайды. Жұмыс жоспары басқарма бастығының бұйрығымен ағымдағы жылдың қаңтар айының 15-не дейін бекітіледі.

Бекітілген жұмыс жоспары басқарма қызметкерлеріне танысу үшін жіберіледі.

 

3. Басқарма жиналыстарын және семинар-кеңестерін жоспарлау, дайындау және өткізу тәртібі

3.1. Басқарма бастығы апта сайын дүйсенбі күні орынбасар мен басқарма қызметкерлерімен жиналыс өткізеді. Бас маманы-заңгер – хатшы жиналыстың хаттамасын жүргізеді. Жиналыс қорытындысы бойынша, күн тәртібінде қаралған мәселелерге сәйкес, қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді, хаттамаға төрағалық етуші бастық немесе оның міндетін атқарушы және бас маман заңгер-хатшы қол қояды.

3.2. Басқармада қажеттілікке байланысты жедел түрде шешілуі керек мәселелер бойынша жиналыстар кезектен тыс өткізіледі. Бұл мәселелерді басқарма бастығының қарауына басқарма бастығының орынбасары енгізеді.

3.3. Басқармада жыл басында семинар-кеңестер өткізудің жылдық жоспары бекітіліп, соған сәйкес жұмыстар жүргізіледі.

Семинар-кеңестерді өткізу үшін ғылыми-зерттеу орталықтары, институттар тартылуы мүмкін.

Бөлімдер өздерінің жылдық жоспарда көрсеткен тақырыптары бойынша семинарлар өткізеді.

Сонымен қатар, әр айдың соңғы жұмасында әрбір бөлім жеке өздеренің ішінде ағымдағы мәселелер мен бөлім жұмысына қатысты заңнама актілеріне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес техникалық оқытулар өткізеді.

Жалпы басқарма бойынша өткізілген техникалық оқытулар жалпы хаттамамен, ал бөлімдердің ішіндегі жеке өздерінің хаттамаларымен ресімделеді. Әр бөлім техникалық оқытулар өткізу бойынша жыл сайын жаңа папка ашып, соған хаттамалар мен құжаттарды тігеді.

3.4. Басқармада өткізілетін семинар-кеңестер мен техникалық оқытулардың жоспарлары және хаттамалары жеке папкаларға тігіліп, бөлімде сақталады.

 

4. Кіріс және шығыс құжаттарын рәсімдеу, өткізу және қарастыру тәртібі

4.1. Басқармада кіріс және шығыс құжаттарын рәсімдеу, өткізу және қарастыру Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» № 107-II, 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдарына және осы Регламентпен реттеледі.

4.2. Кіріс құжаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен, Парламентінен және Премьер-Министр Кеңсесінен келген құжаттарды қоспағанда, жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейінгі уақытта қабылданады.

4.3. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен, Парламентінен және Премьер-Министр Кеңсесінен түсетін құжаттар жұмыс күндері сағат 20:00-ге дейін, сенбі күндері сағат 13:00-ге дейін қабылданады.

Басқармалар мен басқа ұйымдардан түскен құжаттар қағаз және электронды тасығыштарда қабылданады, олар заңға сәйкес белгіленген үлгідегі елтаңба бейнесі бар бланкіде орындалуы және келесідей міндетті нышандары болуы қажет:

шығыс нөмірі мен күні;

Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Премьер-Министр Кеңсесі басшысының, облыс Әкімінің, оның орынбасарларының тапсырмаларына сілтеме және хаттың нөмірі мен күні;

хатты жолдаған орган басшысының немесе оның орынбасарларының қолы;

хатты орындауышының аты-жөні, телефон нөмірі.

Осы Регламент талаптары бұзылып орындалған кіріс құжатын, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен, Парламентінен және Премьер-Министр Кеңсесінен түскен құжаттардан басқасын, басқарма хатшысы қабылдамай, сол күні сәйкес органға қайтарады.

Басқармаға түскен құжаттарды басқарма хатшысы қол қойып қабылдайды.

4.4. Басқармаға түскен құжаттар кіріс құжаттарын тіркеу журналына тіркеледі, оған кіріс нөмірі мен түскен күні жазылатын мөртаңба қойылады.

4.5. Тіркелген құжаттар басқарма бастығына беріледі. Басқарма бастығы құжаттардың мәніне қарай, сәйкес орынбасарға жолдайды. Орынбасар құжаттарды қарастыру құзыретіне жататын бөлім бастықтарына және мамандарға жібереді.

Басқарма хатшысы «шұғыл» белгісі бар, бақылауға алынған құжаттарды бастыққа берген уақытта оның көшірмелерін құзыретіне жататын бөлім бастықтарына және мамандарға да береді.

4.6. Басқарма хатшысы келген құжаттарды қабылдап, тіркеп, басқарма бастығына немесе басқарма бастығының орынбасарына кіргізгеннен кейін екі сағаттың ішінде тиісті бөлімдерге таратады, ал шұғыл құжаттар – жедел түрде (кезектен тыс) таратылады.

4.7. Басқарма бастығы мен оның орынбасары кіріс құжаттарын олар келіп түскен күні, ал шұғыл құжаттарды жедел түрде қарайды. Құжаттарды қарау нәтижесінде басқарма бастығы немесе оның орынбасары өздерінің резолюциясын жазады.

Басқарма басшылығымен қаралған құжаттар ары қарай оларды бөлімдерге тарату үшін кеңсеге жіберіледі.

4.8. Шығыс құжаттарын дайындау, келістіру және рәсімдеу Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» №107-II, 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» № 221 Заңдарына, басқарманың іс құжаттарын жүргізу нұсқаулығына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.

4.9. Басқармада шығыс құжаты белгіленген үлгідегі елтаңба бейнесі бар бланкіде және екінші жай қағазда екі дана болып жасалады.

4.10. Шығыс құжаттарын жіберу үшін басқарма бастығына қол қойдыртуға беру алдында тапсырмаларға сілтеменің болуын, дұрыс рәсімделуін растап бөлім бастығы және басқарма бастығының орынбасары виза қояды.

4.11. Басқарма хатшысы басқарма бастығы қол қойған шығыс құжатын шығыс құжаттарын тіркеу журналына тіркеп, шығыс нөмірін береді, құжаттың екінші данасына шығыс нөмірі мен күні бар мөртаңба басылады.

 

5. Облыс Әкімі өкімдерінің, Әкімдік қаулыларының, Мәслихат шешімдерінің жобаларын дайындау, рәсімдеу және келістіру

5.1. Басқармада өз құзыреті аясында Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» №213 Заңына, басқарманың іс құжаттарын жүргізу нұсқаулығына және осы Регламентке сәйкес облыс Әкімі өкімдерінің, Әкімдік қаулыларының және Мәслихат шешімдерінің жобалары дайындалады, ресімделіп, келістіріледі.

5.2. Басқарманың сәйкес бөлімдері облыс Мәслихатының сәйкес жылға арналған облыс бюджетін бекіту туралы шешімінің, облыс Әкімдігінің осы шешімді жүзеге асыруы туралы, облыстың есептік кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы қаулысының, облыс Әкімінің өкімдерінің жобаларын дайындап, рәсімдейді.

 

6. Бақылауға алынған құжаттардың орындалуын бақылау

6.1. Басқарманың бақылау жүйесінің құрамын төмендегілер құрайды:

Басқарма бастығының орынбасары басқарма қызметіне, оның ішінде бақылау құжаттарының уақытында және сапалы орындалуына, басқарма қызметкерлердің қызмет атқару тәртібін сақтауын бақылауды жүзеге асырады, бақылау құжаттарын уақытында орындау мақсатында қызтеткерлер арасындағы тиімді әрекеттестікті қамтамасыз етеді.

Бөлім бастықтары - бақылауға алынған құжаттардың уақытында орындалуын жүзеге асырады, бақылау құжаттарын уақытында және сапалы түрде орындамаған қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жасайды, басшылық алдында өзіне жүктелген құрылымдық бөлімнің жұмысы үшін жеке жауапкершілікке ие болады.

Бас маман-заңгер - құжаттардың уақытында тіркеуді қамтамасыз етеді, басқармада құжаттарды орындау тәртібіне мониторинг жүргізеді, басқарма басшылығын келіп түскен бақылауға алынған тапсырмалар мен оларды орындау уақыты туралы хабардар етеді, өз құзыреті шегінде басқарма басшылығына, өз міндеттерін тиімді атқармаған бөлім бастықтарын, сондай-ақ бақылау құжаттарының мерзімін бұзып және сапасыз орындаған қызметкерлерді жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс береді.

Басқарма хатшысы – кіріс және шығыс құжаттарын тіркейді, рәсімдейді және таратады, бақылау құжаттарының таратылуы мен орындалу мерзімін, олардың орындалу тәртібін, орындалған құжатты бақылаудан алуды, бақылау тапсырмаларының тізімін дайындауды және олардың орындалу мерзімін басқарма басшылары мен бөлім бастықтарының есіне салуды бақылап отырады.

6.2. Бөлімдер дайындаған бақылау құжаттарын орындау мақсатындағы хаттар жобасы, міндеттерді бөлуге сәйкес, орындалу мерзімінің аяқталуына үш күн қалғанға дейін басқарма бастығының орынбасарына визаға, ал басқарма бастығына екі күн қалғанға дейін беріледі.

Орындалу мерзімі күнтізбенің 5-нен 10-на дейін деп белгіленген бақылау құжаттарын орындау мақсатындағы хаттар, міндеттерді бөлуге сәйкес, басқарма бастығының орынбасарына визаға және басқарма бастығына қол қою үшін орындалу мерзімінің аяқталуына бір жұмыс күні қалғанға дейін беріледі.

Орындалу мерзімі күнтізбенің 5-ші күніне дейін белгіленген бақылау құжаттарын орындау мақсатындағы құжаттар, міндеттерді бөлуге сәйкес, басқарма бастығының орынбасарына виза және басқарма бастығына қол қою үшін жедел түрде жіберіледі және кезектен тыс қаралады.

6.3. Басқармадағы құжат айналымының ашық жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында, оның ресми веб-сайтында мына ақпараттар жарияланады:

басқармадағы құжаттар айналымына жауапты басқарма хатшысының аты-жөні тікелей телефон нөмірі;

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жұмыс істейтін сенім телефоны;

басқарма басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі.

 

7. Жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау және басқармада азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру

7.1. Басқармада азаматтардың арыздарын қарау және оларды қабылдау Қазақстан Республикасының 2000 жылдың 27-қарашасындағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» № 107-II, 2007 жылдың 12-қаңтарындағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» № 221 Заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылдың 4-қыркүйегіндегі «Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқару органдарында, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау тәртібін ұйымдастыру туралы» № 974 Қаулысына, басқарма ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2017. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.